Ой салатын ойыншықтар - на game.bugin.kz
Aimandaily  - на game.bugin.kz Aimandaily

Бабаларымыз не ойлап тапса да оның мағыналы болуына мән берген

Әр елдің балаларының ойыншығына қарап, сол халықтың дүниетанымы мен тарихынан, керек десеңіз географиялық ерекшеліктерінен хабардар болуға болады. Қалай десеңіз, ойыншық ғасырлар бойы қалыптасқан халық тұрмысының көрінісі, қолда бар материялдардан жасалған балалардың қуанышы. Дүкенде самсап тұрған сапасыз пласмасса ойыншықтарды көріп бұрынғы балалардың ермегіне қызыға да қызғана да қарауға болады.

Бүгін әр елдің ертеден келе жатқан ойыншықтарымен таныстыруды жөн көрдік. 

1. Қазір ойыншық атаулының түр түрін шығаратын Қытай тарихында ой салатын ойыншықтар аз болмаған. Солардың бірі 12 ғасырда пайда болған Диаболо деп аталатын туынды. Құрылымы шетелдік йо-йо ойыншығын еске салғанымен, ойынның мақсаты сәл өзгеше. Таяққа тағылған жіппен шығыршықты айналдыру, түрлі трюктер жасауға арналған ойыншық балаларды ептілікке, шыдамдылыққа баулиды. 

2. Әйгілі Кубик Рубиктің отаны Венгрия екенін білесіз бе?  Венгрлік архитектор Эрнё Рубик  1975 ойлап тапқан басқатырғыш бірден танымалдылылыққа ие болды. Ең қызығы, сәулетші бұл еңбегімен байып кетуді көздемеген. Студенттеріне математикалық теорияны тереңірек түсіндіру үшін жасалған шаршы, осылайша әлемге тарады. 

3. Филлипин аралдарының балалары сунга деген ұлттық ойынмен әуестенеді. Арнайы шұңқырларға ойылған тақтай мен теңіз бақалшықтарынан тұратын ойынды алғашында балалар мен әйелдер ғана ойнаған. Жергілікті халық бұл ойынның өзіңді тануға септігі бар деп есептейді. Сондықьан, тұрмысқа шыққалы жүрген бойжеткендер ойынның түбін түсіреді екен. 

4. Дан тілінде "ойын" және "рахаттану" сөздері біріксе, "лего" деп дыбысталады. Ия, әлемге әйгілі лего құрастырғыштары осы елден шыққан. Ойынның сіз білмейтін тағы бір ерекшеліші оның құрылымының бірізділігінде. Анығында, 1957 жылғы лего бөлшегін,  бүгінгі бөліктермен құрастыруға болады. Оның авторы – Оле Кирк Кристиансен. 

5. Көршілес орыс халқының философиялық ойыншығы бүгінде халық символы мен туристік кәдесыйға айналып кетті. Сол халықтағы ең жиі кезде скен Матрена есімі, кейіннен орамалды орыс әйелдерінің кейпіндегі Матрешка ойыншығының атауына арқау болды. Ойыншық тарихы 1890 жылдан бастау алады. 

6. Бабаларымыз не ойлап тапса да оның мағыналы болуына мән берген. Тіпті сойылған малдың сүйек-саяғын былай қойғанда, құмалағынан математикалық мәні басым тоғызқұмалақты ойлап табу тапқырлықтың шыңы болса керек. Ешкі терісінің қиындысына қорғасын құйып, шапшаңдыққа үйрететін ләнгі жасаса, сүйекті сылтау етіп, ай жарығында жастардың басын қосатын "ақсүйектің" өзі неге тұрады?  Асық жілікті мүжи сала, сақасын баласына ұстатқан халқымыз, есік алдында дәлдік пен стратегияға машықтанып жатқан балалар ойыны-ғылыми жаңалық екенін білмеген де болар. Айта берсек, ой салатын ойыншықтар бітпек емес. Қолыңызға алып, құмарыңыз қанып ойнап көрмесеңіз де түрлі ойыншықтар тарихын біліп жүрген артық етпес.

0 Пікір Кіру